Тұрар мұражайы – мектеп мақтанышы
Әр заманның шоқтығы биік дара тұлғалары бар. Алайда біз үшін ұлт зиялысы, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов - өз заманының ғана емес, бүгінгінің де тұлғасы. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақта Т.Рысқұловтай қызмет істеген жан жоқ» деген сөзі - нағыз ұлтжанды азаматтың есіл еңбегіне берілген әділ баға.
Өткен ғасырдың басында халқымыздың ағартушы ғалымы А.Байтұрсынов: «Қазақ мектебі – ұлттық тәрбие мен білімнің қара шаңырағы», деп жазыпты. Иә, расында да қазақ мектебі – қазақы тәрбиенің қайнар көзі. Әрбір қазақтың бойына ұлттық болмыстың негізі де осы қара шаңырақта қалыптасары сөзсіз. Осындай киелі шаңырақтың бірі де бірегейі – қаладағы Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясы.
Осы аталмыш мектеп тарихы тереңде жатыр.1982 жылы мектептің шаңырағы көтеріліп, А.Гайдар атындағы орыс-қазақ мектебі аталған. Кейін 1989 жылдан бастап көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың атымен аталды. Бұл есімнің берілуіне кезінде ұлағатты ұстаз Рахима Мәмбеталиева айрықша еңбек сіңірді. Ал 2000 жылы мектеп «гимназия» статусына ие болды.
Әр мектептің өз ерекшелігі бар. Тұрар Рысқұлов мектебінің ерекшелігі мұнда білім беру мен тәрбие ісі халық педогокикасымен тығыз байланыстырылған. Мектеп-гимназияның ұлағатты ұстаздар қауымының мандай тері мен табанды еңбегімен нәтижесінде Тұрар мұражайы ашылды. Мұражайды ашуға мұрындық болған мектебіміздің ізденімпаз ұстаздары ағылшын тілі пәні мұғалімі Сейтенова Роза Сауытбекқызы мен орыс тілі пәні мұғалімі Тәукебаева Күләй Сүйеуқызы. Мұражайды ұйымдастыру барысында Роза Сейтенқызы Тұрар ағаның ата-бабасының мекен еткен, кіндік қаны тамған киелі Түлкібас ауданы Рысқұлов ауылында болып, тың материалдар жинап келді. Күләй Сүйеуқызы бастаған оқушылар Алматыда болып, Тұрар Рысқұловтың қызы Сәуле Тұрарқызымен кездесіп қайтады. Мұражайды ұйымдастыруда Сәуле Тұрарқызы көп көмек көрсетті. Ол кісі қолында сақталған әкесінің бастауыш мектептегі жазулары мен шығарған есебін, құжаттарының фотокөшірмесін, суреттерін ұсынды.Сәуле Тұрарқызының құнды материалдарымен болашақ мұражайдың іргетасы 1994 жылы Т.Рұсқұловтың 100 жылдық мерейтойының қарсаңында ашылды. Мектебімізде өткен мерейтойға Сәуле Тұрарқызы және республика, облысқа танымал қоғам қайраткерлері мен тұрартанушы Елемес Күзембаев пен Тұрарды «Қызыл Жебе» ғұмырнамалық роман-эпопеясы арқылы танытқан сөз зергері Ш.Мұратаза келіп, мектебімізге өз қолтаңбасын қалдырды. Бұл –біз үшін үлкен мәртебе.
Мұражай жеті бөлімнен тұрады.
1. Дерекнама
2. Тұрардың білім жолы
3. Рысқұлов әулеті
4. Түркісіб – қазақ эконимикасының күре тамыры
5. Ұлы тағдырлар тоғысы
6. Тұрар өмірі қайта жалғасуда
7. Тұрар – мемлекет қайраткері
1-бөлім «Тұрардың білім жолы» деп аталады. Мұнда тұрардың жеке куәлігінің көшірмесі, оқыған оқу орны, жазу мәшенкесінің суреттері бар.
2-бөлімде Рысқұлов әулетіне арналады. Қайсар әділдігімен аты аңызға айналған Р.Жылқыайдарұлының, Тұрардың қарындасы Түйметай мен жары Әзиза мен қыздары Сәуле мен Ританың суреттері жинақталған.
3-бөлімде Т.Рысқұловтың теңдесі жоқ еңбегі Түркісіб темір жолын салудағы басшылық қызметіне арналады. Бұл бөлімде Т.Рысқұловтың өзі қол қойған құжаттар көшірмесі мен темір жол жұмысын бейнелейтін суреттерді көре аласыздар.
4-бөлімде Алаштың ардақтысы Т.Рысқұловты ату жөніндегі іс-қағазға қойылған көшірмелері де бар.
5-бөлімде Жолдары бөлек болса да арман-мүддесі бір алты Алаштың тағы бір ардақтысы М.Шоқай. Т.Рысқұловтың замандастары қуғын-сүргін құрбандары қазақ әдебиетінің үш алып бәйтерегі Сәкен, Бейімбет, Ілияс. Шағын бөлім халқымыз үшін аянбай еңбек етіп, өз өмірлерін қиған ұлылар тағдырын тоғыстырып тұр.
6-бөлімде «Тұрар өмірі қайта жалғасуда» деп қазіргі егемен елдің жас ұрпақтарына Т.Рысқұлов еңбегін насихаттайтын «Мирас» үйірмесінің жұмыстарын көре аласыздар.
7-бөлім Т.Рысқұловтың Мәскеудегі қызметінің әр алуан кезеңінен сыр шертеді.
Жиырма бес жылдың көлемінде мұражайды көркейту барысында мектебіміздің ұлағатты ұстаздары Нақышова Камила, Ибраимова Ханипа, Әбдібекова Фазира,Оспан Айнабек, Маханов Еркінбек ағайлардың қосқан үлестері мол. Мектеп ұжымы Тұрар ұрпақтарымен тығыз байланыс жасап тұруды дәстүрге айналдырған. Осы ұстаздар бастаған игі істер бүгінгі таңда өз жалғасын тауып, мұражай қоржыны жаңа материалдармен толығып жатыр. Жыл сайын желтоқсан айы мектебімізде Тұрар күндері, онкүндік, айлықтарын өткізу дәстүрге айналған. Мұражай жанынан ашылған «Мирас» үйірмесі жұмыс істеп келеді. Үйірме мүшелері Ш.Мұратаның «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының бес кітабы бойынша дәстүрлі желтоқсан айында өтілетін Тұрарға арналған декада мен айлық, апталықтарда Тұрардың сан қилы баға жетпес еңбектері мен қайраткерлігі жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді дарытты..
Т.Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында «Түркі тектес, түгел бол!» тақырыбында қала көлемінде әдеби-танымдық конференция өтілді. Осы мерейтой қарсаңында Тұрар мұражайы қайта жаңғыртылып, құнды мұрағаттармен толықтырылды. «Тұрар бейнесі көркем әдебиетте» атты дөңгелек үстел, әдеби танымдық кеш, «Тұрартану тағылымдары», «Түркі тілдес, түгел бол!» атты ашық тәрбие сағаттарын өткізіп тұрады.
Мұражай 2016-2017 оқу жылында «Үздік музей» атты қалалық байқауда бірінші орын иемденіп, «Үздік музей» атты облыстық байқаудан жүлделі орын иемденіп, Астана қаласынан республикалық телевидение келіп, мұражайды түсіріп кетті. Тұрар өмірінен үлгі алып, ісін алға жалғастырушы мұражай жанынан құрылған «Мирас» үйірмесінің мүшелері әлі де ашылмаған құжаттарды жинап, ізденіспен өз білімдерін толықтыра береді. Осындай игі істердің жалғасы 2017-2018 оқу жылында Тұрар атамыздың 123 жылдық туылған күні қарсаңында «Қазақтың ұлттық рухы –оның ерлігі мен бірлігінде» атты қалалық семинарға ұласты. Семинар кең ауқымды қамтыды. Онда келелі мәселелер «Алаш қозғалысының 100 жылдығы», Алаш ардақтылары және Тұрар тағлымы, Мәңгілік Ел құндылықтары, Рухани жаңғыру жайында келелі ойлар бір-бірімен үндесіп, ұрпақтар жалғастығының үзілмес байланысын дәлелдеді. Үйірме мүшелерінің ұлы тұлғаларды сомдаған сахналық шеберліктеріне, мектептің көркемөнерпаздарына тәнті болып, үлкен ризашылықтарын білдірді. Сол жылы Шымкент қаласындағы «Достық музейінде» өткен ғылыми конференцияға шақырту алып, сол конференцияда баяндама оқылды және музейлердің шағын жинағына Тұрар мұражайы ендірілді.
2018-2019 оқу жылы дәстүрге айналған Т.Рысқұловтың 124 жылдық мерейтойында «Тұранның қос бәйтерегі» атты қалалық семинар өтілді. Жақында ғана өмірден өткен сөз зергері Ш.Мұртазаның Тұрар бейнесін қазаққа жан-жақты ашып көрсете білген роман-эпопея желісі бойынша дөңгелек үстел мен сахналық қойылымдар жоғарғы дәрежеде өтілді.
Асылын қадірлеген ел – өсетін ел. Осынау ел болашағын ойлаған және сол жолда құрбан болған Тұрар мұратын білім ордасындағы шәкірт пен ұстаз өнеге тұтады.
Мұражай – мектеп тарихы, мақтанышы. Ол – халқымыздың ажырамас бір бөлігі, оқушылардың ізденіс, сан алуан пікірінің тоғысатын жеріне айналып келеді.
Бүгінгі таңның кезек күттірмес мәселесі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика көлемінде қыруар іс атқарылып жатса, ал біздің мектебімізде осы жоғарыда айтылған бағытта қыруар іс-шаралар өтілуде. Тұрардың өмір өткелдерін, тәуелсіздік жолындағы еткен ерен еңбектерін жас ұрпақтың бойына сіңіру - рухани жаңғырудың баспалдағы.
Тұрар мұражай жетекшісі Дәрменбай Әлия Төлепбергенқызы


№25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназиясындағы Тұрар мұражайы
Қазақта Т.Рысқұловтай қызмет істеген жан жоқ.
Н.Ә.Назарбаев

100 жылдық мерейтойында Рахима Досалықызына сыйға қалдырған қолтаңбасы бар кітап




Т.Рысқұловты ату жазасы үкіміне қол қойған құжаттар көшірмесі







Технология пән мұғалімдері А.Оспан пен Ә.Сұлтанбековтердің мұражайға тартуы
























