Шымкент қаласының
Білім басқармасының
"Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясы"
шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны
Телефоны приемной:
(87252) 20-08-91
(87252) 46-90-21
Версия для
слабовидящих
» » "Білімді ұрпақ-тәуелсіздігіміздің тірегі" атты эссе
05
февраль
2021

"Білімді ұрпақ-тәуелсіздігіміздің тірегі" атты эссе

                                                     /

                                                                            Ұлы даланың ұлы есімдері...

     Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан қазақ жерінде, ұлы далада қаншама алып тұлғалар дүниеге келген. Әрбір жасаған ісі мен айтылған әңгімелері, нақыл болып жазылған сөздері әлі күнге дейін өз актуалдылығын жоғалтқан емес. Сонау заманнан бері алысты болжап, болашақ ұрпақтың қамын жегендер, өз біліктілігі мен алғырлығының арқасында  заманынан оза туған тұлғалар тарихта алар орны ерекше. Қазақ елі деп өз басын бәйгеге тігіп, қасық қаны қалғанша соңына дейін күрескен қайраткерлер қаншама..

 Сондай ұлы даланың ұлы перзенттері Әбу-Насыр Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы туралы ой өрбітсем деп едім. 2020 жыл Әбу-Насыр Әл-Фарабиге 1150жыл, Абай Құнанбайұлына 175жыл толды.

     Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу-насыр Әл-Фараби -- бүкіл Дешті Қыпшақ жерінің мақтанышы. Бойында қаншама талант пен білім тасып жатқан алып тұлғаның меңгермеген ілімі мен игермеген асуы қалмаса керек. Бойында тек білімге деген құштарлықпен қатар мейірімділік ұштасып жатыр. Әл-Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы – антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Сондықтан әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек. Әл-Фараби араб елінде аты шығып, «Шығыстың Аристотелі» атанып, артында мол мұра қалдырған заманының заңғары деп айта аламын.Әл-Фараби:  «Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.», «Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш»- дегендей, осы сынды ғақлия сөздері арқылы адам баласын адамгершілік пен оқу-ғылымға шақырады.

        Ұлы даланың ұлы тұлғасы, дана да дара Абай -  өз қарасөздері мен шығармалары арқылы халықты надандық пен жамандықтан қорғау үшін жанын салған, қазақ әдебиетінде алар орны ерекше жан. Мен ақынның рухани мұраларын оқи отырып, өмірге деген көзқарасым өзгеріп, жаңа дем алғандай боламын. Автордың қарасөздері қазіргі заман ахуалын суреттеп береді: адамдардың надандығы, көреалмаушылық, қызғану мен аңқаулығы. Ұлы ғұлама он сегізінші қарасөзінде «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп, нақты адам болмысына баға берген деп есептеймін.  Ақын тек қазақ елін ғана емес басқа  да танымал авторлардың назарын өзіне аудара білген. 

Қазақтың ұлы тұлғалары әл-Фараби мен Абай  әртүрлі замандарда өмір сүргенімен және Абайдың ұлы ойшыл әл-Фарабидің еңбектерімен таныстығы жөнінде нақты ақпараттың жоқ болуына қарамастан  олардың еңбектері мен өсиет етіп қалдырған ғибрат сөздерінің мағынасы бір-бірімен тығыз байланысты. Жоғарыда келтірілген дәйексөздер арқылы әр заманның тұлғалары болса да оқырманға, жалпы адамзатқа оқу-білімнің маңыздылығын, ар-ождан мен адамгершілік қасиеттерден таймау керектігін айтқылары  келгені хақ.  Ғұлама, кемеңгер,ойшылдарымыздың шығармашылығына назар аударсақ, ұрпаққа қалдырып кеткен даналық ой-толғамдары әртүрлі сөзбен жеткізілсе де, айтар ойлары, көздеген мақсаттары бір екенін көреміз. Ұлы Абайдың Шығыс әдебиетімен кең таныс болғаны, оның атақты шайырлардың туындыларын ертеден оқып, бойына сіңіргені баршамызға мәлім.  «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы Әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да Шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек» - деп Әл-Фараби жайлы немістің Шығыс зерттеушісі А. Мюллер, «Орыстар үшін - Пушкин, ағылшындар үшін - Шекспир, грузиндер үшін - Руставели... қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдессіз құбылыс.» деп Абай жайлы Қ. Кулиев өз  пікірін білдірген. Бұның өзі осы есімдері алтын таңбамен жазылған тұлғалардың тек қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы адамзат дамуы мен әдебиет саласындағы алар орындары ерекше екенін аңғардым.

Мен осындай алып тұлғалардың ұрпағы болғаным үшін кеудемді тік ұстап, мақтанышпен айта аламын. Ұлы даланың алып тұлғалары тек осымен шектеліп қалмайды. Мен әрі қарайда есімдері алтын таңбамен жазылған тұлғалар туралы ізденетін боламын және мақтанышпен айтып жүремін.Ұлы даланың ұлы перзенттерін ұлықтау – біз, жас ұрпақтың басты парызымыз бен міндетіміз.





Прокомментировать
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив